Шығыс Қазақстан облысы

жұмылдыру дайындығы басқармасы

РЕСМИ САЙТЫ

Алпысты алқымдады

Саналы ғұмырын азаматтық қорғаныс ісіне арнаған басқармамыздың маманы 60…

Желтоқсанның сегізіне арналған ауарайы болжамы

2017 жылдың желтоқсан айының сегізінші ұлдызына арналған ауа-райы болжамы

Желтоқсанның жетісіне арналған ауарайы болжамы

2017 жылдың желтоқсан айының он бірінші жұлдызына арналған ауа-райы болжамы (аймақтар…

Басты бет > Жаңалықтар > Дидар газеті: Әскерге қабылдаудың талабы күшейді

КҮНТІЗБЕ

Желтоқсан 2017
ДүСеСәБеЖұСенЖе
    
1
2
3
4
5
6
7
8
9
10
11
12
13
14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30
31

Дидар газеті: Әскерге қабылдаудың талабы күшейді

Облыста бозбалаларды әскер қатарына шақыру науқаны әлі жүріп жатыр. Болашақ жауынгерлердің соңғы легі 28 желтоқсанда аттанады. Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының ұйымдастыруымен бірқатар жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері облыстық, Өскемен қалалық және Жарма аудандық әскери комиссариаттардың шақыру пунктерінде болып, бозбалаларды әскерге алу тәртібімен танысып қайтқан едік.

Өмірге келген нәресте туа салысымен есепке алынатыны белгілі. Сол мезеттен бастап оның денсаулығы дәрігерлердің назарында. Ал бозбалалар он жеті жасқа толғанда алғаш рет әскери тіркеуге қойылады. Бұл жұмыстармен білім беру мекемелері айналысады екен. Биыл 2001 жылы туған жастар есепке алынып жатыр.

Бозбалалар арасында семіздік белең алған

Өскемен қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының шақыру пунктінде болашақ сарбаздардың жеке істері алфавитті тәртіппен, туған жылдарына қарай мұқият тіркелген. Жеке істе бозбаланың денсаулығы туралы ақпараттан бастап, қайда оқығаны, отбасы жағдайы, істі болған-болмағаны сияқты мәліметтердің бәрі жинақталған.

-Облыс орталығында әскери есепте барлығы 17 874 адам тұр. Олардың 1280-і Отан алдындағы парызын өтеуге тиіс, 1261 жас бізге келді. Қазіргі уақытта Өскемен қаласынан 56 бозбала әскерге аттанды. Науқан әлі аяқталған жоқ. Соңғы легі 28 желтоқсанда аттанады, - дейді Өскемен қаласы бойынша шақыру комиссиясының төрайымы, қала әкімінің орынбасары Ольга Булавкина. 

Шақыру пунктіне келген жас жігіттер алдымен медициналық комиссиядан өтеді. Оларды терапевт, хирург, дерматолог, психолог, барлығы тоғыз маман қарайды. Медициналық комиссия мүшелерінің айтуынша, денсаулықтарында кінәраты бар бозбалалар да аз емес. Осы күздік шақырту кезінде 135 бозбала денсаулығына байланысты әскерге жарамай қалыпты.

- Барлық жастардың шамамен он пайызында әртүрлі сырқат белгілері кездеседі. Олардың арасында майтабан, жүрек-қан тамырлары жүйесінің аурулары, көз жанарының нашарлығы, қимыл-тірек аппаратының бұзылуы, омыртқаның майысуы жиі кездеседі. Жастардың арасында артық салмақ проблемасы да кездеседі. Семіздікке шалдыққандар санының артқаны алаңдатады. Сондай-ақ салмағы аздар да бар , - деп таратып айтты шақыру комиссиясының аға дәрігері Назымгүл Баркышева.

Жалпы қазір Отан қорғаушылардың денсаулығына қойылатын талап күшейген. Ертеректе құрылыс батальонына науқастардың кейбір түрлерімен ала беретін болса, қазір ондай батальон жоқ. Ал бүгінде болашақ жауынгердің қай полкте: Ұлттық гвардия әлде шекарада, не болмаса мемлекеттік органдардың күзет полкында борышын өтейтіні олардың денсаулығына қарай алғаш тіркелген кезден бастап анықталады екен. Болашақ сарбаздарының денсаулығын әскери қызметкерлер де мұқият тексереді. Шекарашылар полкіне жасақталғандарды облыстық шақыру пунктінде «Ақсұңқар» психологиялық кешенінде арнайы психологиялық тестен, жалғандықты анықтайтын детектордан өткізеді. 

Бұрынғы жылдармен салыстырғанда жастар арасында әскери борышын өтеуге деген құлшыныс артқаны байқалады. Бұл оқу орындарында өткізілетін патриоттық тәрбие жұмыстарының жемісі болса керек. Мысалы, Ауған соғысы ардагерлерінің қалалық ұйымы үнемі кездесу өткізіп, оқушылар арасында әскери-спорттық жарыстар ұйымдастырып тұрады. Сонымен қатар мемлекеттік қызметке, басқа да көптеген салаларға жұмысқа тұру барысында әскери билетті талап ету де бозбалалардың әскери қызметке деген оң көзқарасын қалыптастырған сияқты. 

-Жастардың арасында әскери қызметке деген қызығушылықты тудыруға келешекте «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты да өз үлесін қоспақ. Осы бағытта облыстық жұмылдыру басқармасымен бірлескен шаралар өткізсек деген жоспарымыз бар, - дейді «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрайымы Маржан Бақытқызы.

Сотталғандар да әскерге барады

Жарма ауданының орталығы Қалбатауда бұрын әскери қалашық болғандықтан, бұл жердің тұрғындарында әскери қызметке деген құрмет әлі де сақталған. Содан болар, бозбалалардың шақыртуды күтпей, әскери бөлімнің табалдырығын тоздыратындары. 

-Тұрғындардың арасында бұрынғы әскери қызметкерлер аз емес. Көбінің ата-аналары, туыстары әскери қалашықта қызмет істеген. Жеткіншектеріміз шақыртуды күтпей-ақ келіп қалады. Мысалы, кесте бойынша оныншы қарашаға шақырылса, бірінен бастап келіп алады, - дейді аудандық қорғаныс істері бойынша бөлімнің бастығы, подполковник Берік Жаппаров. 

Ауданға қорғаныс министрлігі тарапынан күздік шақыруға 81 орын бөлінсе, қазіргі күні 59 жармалық бозбала әскерге аттанып кетіпті. Олардың арасында ҰҚК-нің шекара қызметіне, мемлекеттік күзет қызметіне, Ұлттық гвардияға және ІІМ полктарына іліккендері бар. 

Подполковниктің сөзіне қарағанда, аудандағы елді мекендердің бозбалаларын шақыру пунктіне жеткізіп, кері алып қайтуды жергілікті әкімдер ұйымдастыруға тиіс. Бұл мақсаттарға биыл бюджеттен 1 миллион 440 мың теңге бөлініпті. Болашақ сарбаздар бір күннің ішінде медициналық комиссиядан толық өтіп үлгереді. 

-Денсаулығында кінәраты бар жеткіншектер бізге жетпейді. Егер жергілікті дәрігерлер жұмысты дұрыс ұйымдастырса, олардың сырқаттары бала кездерінен анықталады. Бізге келгендердің денсаулығынан ауытқулар байқалып жатса, біз аудандық ауруханада, Семей қаласындағы №2 ауруханада жан-жақты тексереміз. Он күннің ішінде тексеріліп, қорытынды шығарылады. Аталған емдеу орындарымен келісім-шарт негізінде жұмыс істейміз. Барлық тексерулер тегін, - деп түсіндірді медициналық комиссияның төрайымы Әсем Абаева.

Күзгі шақырту кезінде он үш бозбаланы аудандық медициналық комиссия жарамсыз деп таныпты. Оларда майтабан, жүрек-қан тамырлары жүйесі қызметіндегі ауытқушылықтар анықталған. Әсем Абаева жүректегі ақаулар, қан қысымының көтерілуі негізінен жасөспірімдердің комиссия алдындағы қобалжуынан болады деп түсіндірді. Бұл жастар алты ай ем-домдарын алып, көктемгі шақыруға қайтадан ілігеді. Кейбір бозбалалардың денесінде татуаж кездеседі. Бұл дертке жатпағанымен, денесінде суреті бар жастар беделді полктарға алынбайды. Балалардың барлығы ауылда өскен, ата-ананың, үлкендердің тәрбиесін көргендіктен, олардың арасында есірткіге әуестік, ішімдікке салыну сияқты жаман әдеттер мүлде тіркелмеген. 

Осы кезде әскерге алғанда колледж бітірген жастарға, жоғары білімі барларға басымдық беріледі екен. Жармалық сарбаздардың арасында Семейдегі байланыс колледжін немесе Шар қаласындағы колледжді тәмамдағандар бар.

Алайда «ойнап жүріп, от басқандар» да жоқ емес. Істі болған жастар әскерге алынбасын деген шектеу болмағандықтан, шалыс басып, сотталған немесе шартты жаза алған жастар да Отан алдындағы әскери борышын өтеуге міндетті. Тек олар ҰҚК-нің шекара қызметіне, мемлекеттік күзет қызметіне, Ұлттық гвардияға алынбайды. Екі рет сотталғандар болса, олар запасқа тіркеледі. 

Сарбаздар несиелеріне ғана алаңдайды

Облыстық әскери комиссариаттың шақыру пунктіне барлық аудандар мен қалалардан шақырылған бозбалалар шоғырланады. Шақыру пунктінің басшысы Тимур Мұстафиннің сөзіне қарағанда, медициналық комиссиядан өтіп, жарамды деп танылған жастармен шақыру комиссиясының мүшелері мен әскери қызметкерлер әңгімелеседі. Әскери басшылардың сөзіне сенсек, Отан қорғаушылар әскери міндеттерін өтеуге қуана-қуана барады, тек кейбіреулері банктен алған несиелерін төлеп бітпегендеріне ғана алаңдайды екен. 

Әскерге қабылдаудың талабы күшейді

Шеттен келген жастардың барлығы үш уақыт тамақпен, жатын орынмен қамтамасыз етіледі. Бос уақыттарын тиімді өткізуге де жағдайлар жасалыпты. Жүз төрт адамға арналған жатын бөлмелерінде теледидар бар. Спортзалындағы тренажерларда жаттығуға мүмкіндік берілген. Жуынып-шайынатын бөлмелер, шаштараз бар. Осы жерде әскери қызметтің бөлімшелеріне командалар үш күнде жасақталып, Алматы мен Астанаға аттанады. 

-Біз қорғаныс министрлігінен келген тапсырманы толық орындаймыз. Аудандардан жауынгерлерді артығымен жіберсе, біз тек тапсырыс шегінен аспаймыз. Бұл жерде «Ақ сұңқар» психологиялық кешенінен өтетіндіктен, кейде ауылдарына кері қайтатындар да болады. Оларды әскерге алу мерзімі алты айға кейін шегеріледі. Осындай кезде бір ауданнан артық келген сарбаздар екінші ауданның тапсырысын жауып қалады. Күздік шақыру басталғалы облыста Отан қорғаушылардың 21 командасы жасақталып, әскери борыштарын өтеуге аттанды, - деп қорытындылады Тимур Мұстафин.

Вырезка: Нұрлыбек Мұсабаев: Жарма ауданының тумасымын. Биыл колледжді бітіргем. Әскери борышын өтеп келген ағамның кеңесімен шекара қызметіне барғым келеді. Әскер өмірі мен қатал тәртіп нағыз азамат болып қалыптасуыма септігін тигізеді деп ойлаймын.

Айна Ескенқызы

Нравится ли вам наш сайт?

Отлично!

Хорошо

Средне

Плохо

Сайт ужасен